АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғалары қауіпсіздік үшін әскери базаларға көшіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері консервативті саяси белсенді Чарли Кирк қаза тапқаннан кейін қауіпсіздік мақсатында әскери базаларға көшіріле бастады, деп хабарлайды The Atlantic басылымы.
Басылымның мәліметінше, Дональд Трамп әкімшілігінің бірқатар жоғары шенді өкілдері Кирктің өлімінен кейін және елде Трамп саясатына қарсы өршіген наразылықтардан соң қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында әскери базаларға орналасуда.
Сонымен қатар шенеуніктер мен олардың отбасыларына бағытталған қауіп-қатерлердің көбейгені де көшуге себеп болған. Әскери базаларда олар Қорғаныс министрлігі тарапынан қорғалуға мүмкіндік алады.
The Atlantic дерегінше, қазіргі уақытта әскери нысандарда мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Пентагон басшысы Пит Хегсет, ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм, федералдық үкімет жұмысының тиімділігін арттыру жөніндегі ведомствоның (DOGE) баспасөз хатшысы Кэти Миллер жұбайы, әрі президент Трамптың ішкі саясат жөніндегі бас кеңесшісі Стивен Миллермен бірге, сондай-ақ құрлық әскерлері министрі Дэниел Дрисколл тұрып жатыр.
Еске сала кетсек, қыркүйек айының басында Трамптың жақтасы әрі саяси белсенді Чарли Киркке Юта штатының Utah Valley университеті кампусында сөйлеп тұрған сәтінде оқ атылған.
Саясаткер мойнынан жараланып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген еді. Кейін Дональд Трамп оның қайтыс болғанын хабарлады.