13:47, 07 Қараша 2013 | GMT +5
АҚШ-тың екі бірдей қаласында атыс болды
АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Детройт және Вашингтон қалаларында адамдарға оқ ату бойынша екі оқиға тіркелді. Детройтта (Мичиган штаты) ер адам шаштаразға оқ жаудырған. Ал ішіндегі адамдар сыртқа қарай қашып шыққанда қылмыскер оларды да атқан.

Салдарынан екі адам қаза болды, жеті адам жараланды, деп хабарлады АР полиция өкілі Келли Минердің сөзіне сілтеме жасап.
Полиция әзірге оқ атқан адамның кім екенін анықтаған жоқ. Оны іздеу жұмыстары жүргізілуде. Қылмыскердің не себепті мұндай әрекетке барғаны белгісіз, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға Вашингтонның солтүстік-шығыс бөлігінде орын алды. Онда белгісіз біреу сәрсенбі күні автобус аялдамасында тұрған адамдарға тапаншадан оқ жаудырған.
Салдарынан 3 ер адам мен 60 жастағы әйел жарақаттанды. Барлық зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, екі ер адамның халі мүшкіл. Қылмыскер ұсталды, ал оны бұл қылмысқа не итермелегені әзірге беймәлім.