АҚШ Венесуэламен ынтымақтастық үзілген жағдайда күш қолдануға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемлекеттік хатшысы және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Марко Рубио АҚШ Конгресі Сенатының Халықаралық қатынастар комитетінде Венесуэла бойынша куәлік берді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Рубио егер Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес АҚШ-пен толық ынтымақтастық жасамаған жағдайда президент Дональд Трамп әскери күш қолдану құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды The Hill.
- Президент Құрама Штаттардың ұлттық мүдделерін қорғау үшін бас қолбасшы ретіндегі өкілеттіктерін пайдалану мүмкіндігін ешқашан жоққа шығарған емес, - деді Марко Рубио.
Алайда қазіргі уақытта АҚШ Венесуэлада әскери әрекет қолдануды жоспарлап отырған жоқ.
- Біз Венесуэлада ешқандай әскери әрекеттерге дайын емеспіз немесе оны жасауға ниеттеніп отырған жоқпыз деп толық сеніммен айта аламын. Венесуэлада сіз көретін жалғыз әскери күш – елшілікті күзететін біздің теңіз жаяу әскерлері, - деп атап өтті Мемлекеттік департамент басшысы.
Алайда Рубио АҚШ-тың шыдамы шектеулі екенін ескертіп, Венесуэламен ынтымақтастық үзілген жағдайда шиеленісуге дайын екенін білдірді.
- Қателеспеңіз. Егер басқа әдістер тиімсіз болып шықса, біз барынша ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін күш қолдануға дайынбыз, - деп мәлімдеді Марко Рубио.
Мемлекеттік хатшы әкімшіліктің Венесуэланың авторитарлық режимнен демократиялық басқаруға көшуі бойынша жоспарын баяндады, бірақ заң шығарушыларға мерзімдерін немесе аяқталу күнін атаған жоқ.
- Ілгерілеушілікке үш және алты ай ішінде қол жеткізілуі тиіс. Он жыл ішінде алғаш рет өзгеріске мүмкіндік туды. Ештеңенің өзгеретініне кепілдік жоқ, - деді Марко Рубио.
Мемлекеттік хатшының сөзімен айтқанда: «Құрама Штаттардың одақтасы болатын еркін және гүлденген Венесуэланы құрудың жалғыз жолы – қоғамның барлық саласының саясатта өкілдік етуін қамтамасыз ету».
Рубио АҚШ-тың Венесуэламен соғыс жағдайында емес екенін мәлімдеді. Ол қылмыстық топтардың «Құрама Штаттарға қарсы соғыс жүргізгенін», ал әскери операция құқық қорғау миссиясымен шектелгенін және әскери оккупация болып табылмайтынын атап өтті.
Рубионың мәлімдеуінше, АҚШ Венесуэлаға қарсы «блокада» енгізіп жатқан жоқ, себебі бұл соғыс актісі болатын еді. АҚШ карантинді мұнай экспортын бақылау үшін енгізді.
Комитеттегі кейбір республикашылдар демократтардың Конгреспен кеңесудің және әкімшіліктің шетелдегі іс-әрекеттеріндегі ашықтықтың болмауы туралы сынына қосылды.
Рубионың айтуынша, Венесуэлаға қазіргі уақытта АҚШ санкцияларына мұнайды сатуға рұқсат етіледі. Ал түскен қаражат полиция мен денсаулық сақтау сияқты маңызды мемлекеттік қызметтерге жұмсалады. Ол түскен қаражат АҚШ Қазынашылығы қадағалайтын шотқа түсетінін және Вашингтон Венесуэла үкіметі ұсынған ай сайынғы бюджеттерді мақұлдағаннан кейін босатылатынын қосты. Оның айтуынша, Венесуэла «бұл ақшаны халқының игілігі үшін жұмсайды».
Заң шығарушылар сонымен қатар Венесуэланың мұнай секторындағы қаржылық келісімдерге күмән келтіріп, АҚШ-тың екі компанияға венесуэлалық мұнайды сатуға лицензияны тендер өткізбей бергенін, олардың бірі Трамптың ірі демеушісімен байланысты екенін атап өтті.
Рубио бұл қадамды уақытша шара деп ақтады. Ол АҚШ президент Николас Мадуро тұтқындалғаннан кейін елді тұрақтандыруға тырысып жатқандықтан Венесуэла мұнайын тез сату мақсатында Trafigura және Vitol сауда компанияларымен ынтымақтастығы «қысқа мерзімді шешім» екенін түсіндірді. Рубио мұнай тез сатылмаған жағдайда Венесуэла қоймасы таусылып, ел өндірісті тоқтатуға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
Рубио бастапқы 500 млн доллардың шамамен 200 миллионы әлі де Қатардағы банк шотында екенін, бірақ ақыры АҚШ Қазынашылығындағы шотқа аударылатынын мәлімдеді. Мұндай схеманы АҚШ-тың қай заңы рұқсат етеді деген сұраққа ол Венесуэла келісім бергенін айтты.
Демократтар операцияның құны мен салдарын қатты сынға алды. Демократиялық партиядан комитет мүшесі, демократ сенатор Жанна Шахин Мадуроны биліктен алудың нысаналылығына күмән келтіріп, шабуыл мен АҚШ-тың әскери-теңіз блокадасы салық төлеушілерге жүздеген миллион долларға шығын әкелуі мүмкін деген болжамды келтірді, деп жазды NPR.
- АҚШ тарапынан Венесуэланы әскери-теңіз блокадасы және рейд америкалық салық төлеушілерге жүздеген миллион доллар шығын әкелді. Соған қарамастан Мадуро режимі әлі де билікте – елді бұрынғы адамдар басқарып отыр, - деді сенатор Жанна Шахин.
Демократиялық сенаторлар сонымен қатар Венесуэланың уақытша көшбасшысы, бұрынғы вице-президент Делси Родригестің бірқатар елдердің ықпалын азайту үшін ешқандай маңызды қадамдар жасамағанын мәлімдеуіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Кейбір сенаторлар әкімшілікті бір авторитарлық көшбасшыны екіншісімен ауыстырды деп айыптады.
Рубио Родригестің Мадуро сияқты айыпталмағанын айтып, Вашингтонның тіпті бұл АҚШ толық сене қоймайтын көшбасшылармен ынтымақтастықты білдірсе де бірінші кезектегі басымдығы тұрақтылық екенін мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ үкіметі ашық теңіздегі қайықтарға шабуыл жасағаны үшін сотқа тартылғанын жаздық.