Шатдаун: АҚШ-та 1400 ядролық қауіпсіздік қызметкері ақысыз демалысқа жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM — Федералдық үкіметтің жабылуына байланысты Энергетика министрлігі Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасының (NNSA) шамамен 1400 қызметкерін жұмыстан шығаруға мәжбүр болды.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райт Невададағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қысқартулар агенттік қызметкерлерінің шамамен 80%-ын қамтыды, бұл американдық ядролық арсеналды жаңғырту мен қолдауда маңызды рөл атқарады.
— Мұндай бұрын-соңды болмаған, — деп атап өтті Райт жағдайға түсініктеме бере отырып.
Ол үкімет осы уақытқа дейін департаменттің келісімшарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерін — шамамен 100 000 адамды қаржыландыруды сақтай алғанын жеткізді. Дегенмен, тоқтау жалғасып, бөлінген қаражат таусылатын болса, бұл мамандардың да жұмысына қауіп төнеді.
— Егер қаржы таусылып қалса, бұл он мыңдаған жұмысшыға, олардың отбасыларына және біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді, — деді Энергетика министрі.
Конгресстің бюджетті бекітпеуіне байланысты 1 қазанда федералды органдарда жартылай жабылу басталды. Республикашылдар мен демократтар арасындағы келіспеушіліктер, соның ішінде денсаулық сақтау мәселелері бюджеттік процестің кешігуіне әкеп соқты.
АҚШ заңына сәйкес, шатдаун кезінде ұлттық қауіпсіздік пен азаматтардың өмірін қорғауға жауапты агенттіктер мен қызметкерлер ғана жұмысын жалғастырады. Бұл жағдайда өз міндеттерін атқаратындарға жалақы бюджет дағдарысы өткеннен кейін төленеді.
1977 жылдан бері АҚШ-та үкімет 20-дан астам рет өз жұмысын тоқтатты. Ең ұзақ шатдаун 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың қаңтарына дейін 35 күнге созылды.
Еске салайық, АҚШ-тағы шатдаун салдарынан әуе рейстері кешікті.