АҚШ ядролық саммиттің ашылуына әзірленуде

АСТАНА. Сәуірдің 12-сі. ҚазАқпарат - Вашингтонда сәуірдің 12-сінде ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит басталады, оған 47 елдің өкілдері қатысады.

АҚШ ядролық саммиттің ашылуына әзірленуде

Саммиттің ашылуы алдында жоғары дәрежелі кездесулерде АҚШ президенті мәлімдеме жасап, Вашингтон ядролық қаруды лаңкестік ұйымдар иемдену мүмкіндігі ең үлкен қауіп деп санайтынын атап көрсетті, деп хабарлады Би-Би-Си.

Оның айтуынша, саммит қатысушылары өздерінің ядролық арсеналдарын сенімді сақтауды қамтамасыз етуге топтасуы тиіс, өйткені «Әл-Каида» сияқты ұйымдар мұндай қарулар қолға түссе, ешбір қобалжусыз-ақ пайдалануға тырысады.

Би-Би-Сидің домпломатиялық мәселелер бойынша тілшісі Джонатан Маркус жоғары деңгейдегі бұл кездесу 1940 жылдан бергі американ астанасындағы ең ірі жиын болатынын атап көрсетеді.

Ядролық бағдарламаларын жүзеге асырып, әлемдік қоғамдастықтың сын-пікірлерін туғызған Иран мен Солтүстік Корея делегациялары вашингтондық саммитке шақырылған жоқ.

Бұл екі мемлекетті Ақ үй ядролық қаруды таратпау туралы шартты бұзушылар ретінде қарастырады.

Ассошиэйтед пресс агенттігі Сирия да кездесуге шақырылмағанын хабарлады, өйткені АҚШ олардың да ядролық зерттеулерге қатысты жоспарлары бар деп санайды.

Сонымен бірге, 1968 жылғы ядролық қаруды таратпау шартына қол қоймаған Израиль, Үндістан және Пәкістан өкілдері Вашингтонға келеді. Бақылаушылардың пайымдауынша, ирандық ядролық бағдарлама туралы мәселе саммиттің күн тәртібіне енгізілмесе де сәуірдің 12-13-терінде Вашингтонда өтетін шараларда бұл мәселе көптеген пікірталастардың тақырыбы болатыны сөзсіз.

Сондай-ақ кездесу басталар алдында Обама Оңтүстік Африка Республикасының 1990 жылдары ядролық қаруды саласындағы жасалымдардан өз еркімен бас тартуы туралы шешімін мақұлдаған пікірін білдірді.

Бұл саммит американдық әкімшілік сәуір айында жасаған ядролық қару-жарақтарға бақылау саласындағы үшінші қадамы.

Айталық, сәуірдің 6-сында Обама елдің жаңа ядролық стратегиясын жариялады, оның негізіне АҚШ ядролық қаруды қолданатын жағдайды шұғыл шектеу алынды.

Бұдан екі күннен кейін сәуірдің 8-інде американдық президент ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен стратегиялық шабуыл қару-жарақтарын қысқарту туралы жаңа шартқа қол қойды. Бұл іс-қимылдар Нью-Йоркте ағымдағы жылғы мамыр айында өтетін ядролық қаруларды таратпау туралы шарттың қағидаларын қайта қарауды талқылауда Обаманың позициясын күшейте түсуге бағытталған, деп санайды Джонатан Маркус.