АҚШ Жапония мен Оңтүстік Корея тауарларына 25% кедендік баж енгізеді
ВАШИНГТОН. KAZINFORM — 1 тамыздан бастап АҚШ Жапония мен Оңтүстік Кореядан келетін импортқа 25 пайыз мөлшерінде кедендік баж салығын енгізеді, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл туралы АҚШ Президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде Жапония мен Оңтүстік Корея басшыларына жолдаған үндеуінде мәлім етті. Онда белгіленген баж мөлшерлемелері нақтыланып көрсетілген.
Сонымен қатар, Трамптың жазбасында егер Токио мен Сеул Вашингтонға қарсы жауаптық баждар енгізетін болса, онда АҚШ өз кезегінде Жапония мен Оңтүстік Кореяға қатысты тарифтік мөлшерлемелерін одан әрі арттыратыны атап өтілген. Яғни, енгізілетін жаңа ставкалар Токио мен Сеул белгілейтін мөлшерге сәйкес ұлғайтылатын болады.
Еске салайық, биылғы 2 сәуірде АҚШ Президенті Дональд Трамп 185 елден, оның ішінде Қазақстаннан келетін импортқа да баж салығы енгізілетінін мәлімдеген еді.
Сол күні-ақ Ақ үй бұл баждардың бір бөлігін 90 күнге кейінге шегеретінін хабарлады. Бұл шешім сауда келіссөздерін жүргізуге уақыт беру мақсатында қабылданған.