Ақша айырбастау орындарының көшедегі таблосы 1 жыл бұрын алынды: нарық қалай өзгерді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бір жыл бұрын Қазақстандағы ақша айырбастау орындарына көшедегі валюта таблосын көрсетуге тыйым салынды. Kazinform агенттігі шектеу енгізілгеннен кейін валюта нарығы қалай өзгергенін анықтап көрді.
9 қыркүйекте шетел валюталарының бағамы туралы ақпаратты көшеде орналастыруға тыйым салынғанына бір жыл толады. Жаңа талап бойынша ақпараттық стенд айырбастау пунктінің ішінде немесе касса жанында болуы керек.
Бұл өзгеріс нарық қатысушылары арасында біраз пікірталас тудырды. Валюта пункттерінің иелері бұл шешім келушілер санын азайтып, бәсекелестікті қиындататынын айтты. Ал реттеуші тарап тыйым заңнама талаптарын сақтау үшін қажет екенін хабарлады. Арада біраз уақыт өткен соң, Kazinform агенттігі Ұлттық банк пен Қазақстан айырбастау пункттері қауымдастығына ресми сауал жолдап, нарықтағы ахуалдың қалай өзгергенін білді.
Елде ақша айырбастау орындары көбейген
Ұлттық банк мәліметінше, 2026 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 122 айырбастау пункті жұмыс істеп тұр. Ал 2025 жылдың 1 тамызында олардың саны 2 107 болатын. Яғни бір жыл ішінде жалпы көрсеткіш 15 нысанға немесе шамамен 0,7%-ға өскен.
Дегенмен мұнда бір маңызды жайтты ескерген жөн: жаңа талаптар тек 2025 жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енді. Соған байланысты 2025 жылғы 1 тамыз бен 2026 жылғы 1 тамыздағы көрсеткіштерді салыстырып, жаңа талаптардан кейін нақты қанша айырбастау орнының ашылғанын немесе жабылғанын дөп басып айту мүмкін емес.
Ал нарықтың ішкі құрылымында әртүрлі бағыттағы өзгерістер байқалады. Аталған кезеңде банктер мен «Қазпошта» АҚ-на қарасты ақша айырбастау орындарының саны 22-ге азайса, банктік емес жеке айырбастау пункттері керісінше 37-ге көбейіп, 571-ден 608-ге дейін өскен.
2026 жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша елдегі 2 122 айырбастау орнының 1 514-і банктер мен «Қазпошта» АҚ еншісінде болса, қалған 608-і — банктік емес жеке ұйымдар. Осылайша, Ұлттық банк ұсынған мәліметтер жыл ішінде айырбастау пункттерінің жалпы саны азаймағанын көрсетеді.
Операциялар көлемінде қандай өзгеріс бар
Ұлттық банк шетел валютасымен қолма-қол жасалған операциялар бойынша да салыстырмалы мәліметтер ұсынды. 2026 жылдың 7 айында ақша айырбастау орындары арқылы қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату бойынша 6,1 млн операция жүргізілген. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 6,2 млн болған еді. Айырмашылық — шамамен 100 мың операция немесе 1,6%.
Ақшалай баламасына келсек, 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында айырбастау пункттері халыққа 2,2 трлн теңге шетел валютасын сатқан, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,4 трлн теңге болған. Жыл ішіндегі айырмашылық шамамен 200 млрд теңге немесе 8,3%. Сонымен қатар айырбастау орындарының жеке тұлғалардан сатып алған валютаның көлемі 1,3 трлн теңге болды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (1,7 трлн теңге) шамамен 400 млрд теңгеге немесе 23,5%-ға аз.
Алайда бұл жағдайда да ескеретін тұстар бар. Себебі статистикада 2025 жылдың қаңтар–шілдесі мен 2026 жылдың қаңтар–шілдесі салыстырылған, ал таблоларға қатысты шектеу тек 2025 жылдың 9 қыркүйегінен бастап енгізілді. Демек, келтірілген деректер қолма-қол валюта операцияларының жалпы жылдық айналымын көрсеткенімен, азаюдың нақты жаңа талаптардан кейін болғанын дәлелдей алмайды.
Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжан ресми сауалға берген жауабында реттеуші орган мұндай өзгерістерді елеулі деп есептемейтінін атап өтті.
— Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда операциялар санындағы кейбір ауытқулар қолма-қол шетел валютасы нарығының табиғи динамикасынан туындаған және ол бағамның ауытқуына, маусымдық факторларға әрі тұтынушылардың сұранысына байланысты өзгеруі мүмкін. Аталған өзгерістер елеулі болып саналмайды және енгізілген талаптардың айырбастау пункттерінің қызметіне немесе халық үшін валюта алмастыру операцияларының қолжетімділігіне кері әсер еткені туралы қорытынды жасауға негіз бола алмайды, — деді Асан Ахметжан.
Оның айтуынша, нарық тұрақтылығын сақтап отыр, айырбастау пункттері халыққа әдеттегі режимде қызмет көрсетіп келеді.
Таблолар неліктен ішке көшірілді
Асан Ахметжанның сөзінше, ақпараттық тақталарды айырбастау орындарының ішіне орналастыру талабы, ең алдымен бұл орындарды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнама нормаларына сәйкестендіру мақсатында енгізілген. Сонымен қатар Ұлттық банк бұл өзгерісті валюта бағамы туралы ақпаратты сандық форматта алу мүмкіндіктерінің дамуымен де байланыстырады.
— Бұл норманың енгізілуі пайдаланушыларға түрлі онлайн-платформалар арқылы нақты уақыт режимінде валюта бағамдары мен айырбастау пункттерінің орналасқан жерін қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа сандық шешімдерді дамытуға үлкен серпін берді, — деп атап өтті ол.
Оның бағалауынша, айырбастау орындары жаңа жағдайға тез бейімделді, ал жалпы алғанда бұл шектеулер қолма-қол шетел валютасының ішкі нарығына теріс ықпал еткен жоқ.
Қауымдастық: клиенттер қатары сиреді
Бұл тұрғыда Қазақстан айырбастау пункттері қауымдастығы өкілдерінің пікірі мүлде басқа. Қауымдастық басшысы Арчин Галимбаев көшедегі таблоларға салынған тыйым ақша айырбастау орындарының жұмысына айтарлықтай әсер етті деп санайды.
— Айырбастау пункттерін дәріханалар, шаштараздар, дүкендер мен басқа да нысандардың арасынан табу қиындай түсті. Ақша айырбастау орындарына келетін халық қатары азайды, бұл әсіресе алғашқы күндері қатты сезілді. Бұрын адамдар көшеде бара жатып-ақ бағамды көріп, тиімді-тиімсіздігін бірден шешетін болса, қазір бағамды білу үшін ішке кіруге мәжбүр. Бұл тұтынушыларға өте қолайсыз, — деді Арчин Галимбаев.
Оның сөзінше, айырбастау орнының иелері жаңа талапты өте теріс қабылдаған.
Дегенмен, реттеуші тарап бұл мәселе бойынша айырбастау пункттері мен тұрғындардан Ұлттық банкке ешқандай шағым мен арыз түспегенін айтады.
«Көлеңкелі нарық» пайда болды ма
Жаңа талаптар енгізілмей тұрып сала өкілдері ескерткен қауіптердің бірі — валюта айырбастаудың «көлеңкелі нарығының» пайда болу қаупі еді. Қауымдастық басшысы бағамдарды көшеде көрсетуге тыйым салу заңсыз валюта айырбастаушылардың көбеюіне түрткі болуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Салалық ұйым басшысынан бұл қауіптің қаншалықты расталғанын сұрап білдік. Арчин Галимбаев ресми айырбастау пункттері жұмыс істеп тұрғанда «қара нарықтың» пайда болмайтынын жеткізді. Дегенмен ол Ұлттық банктен тиісті лицензиясы болмаса да, тозығы жеткен банкноттарды ауыстырумен айналысатын заңсыз нүктелердің кездесетінін жасырмады.
Заңбұзушылықтар тіркелді ме
Былтыр жаңа талап күшіне енгеннен кейін ереже бұзу деректерін анықталған.
Ұлттық банк мәліметінше, 2025 жылдың қазан айында банктік емес жеке айырбастау пункттеріне қатысты 6 құжаттамалық тексеру жүргізілген. Олар ақпараттық тақталарды ғимараттан тыс жерде орналастырған. Тексеру қорытындысы бойынша ереже бұзғандарға қатысты жазбаша нұсқама түріндегі қадағалап-реттеу шаралары қолданылып, кейіннен барлық кемшіліктер толығымен жойылған.
Таблолар қайта орала ма
Қазақстан айырбастау пункттері қауымдастығы көшедегі бағам таблоларын қайтаруды әлі де қолдайды. Ұйым басшысы Арчин Галимбаев мұндай тақталар жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер етеді деген уәжбен келіспейді.
Өз кезегінде Ұлттық банк қолданыстағы талаптарды өзгертуді жоспарлап отырған жоқ.
— Елдегі қолма-қол шетел валютасы нарығына бұл өзгерістер теріс әсер еткен жоқ, айырбастау орындарының саны азаймады, керісінше өсті. Осыған байланысты Ұлттық банктің нормативтік құқықтық актісіне жоғарыда аталған мәселе бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізудің қажеттілігі жоқ, — деп хабарлады Асан Ахметжан.
Арада 1 жылға жуық уақыт өтсе де, реттеуші орган мен қауымдастық өкілдерінің пікірі екіге жарылып отыр. Ұлттық банк нарық жаңа жағдайға бейімделді, ережелерді қайта қарауға ешқандай негіз жоқ деп есептейді. Ал екінші тарап керісінше бұл шешім тұтынушыларға қолайсыздық тудырғанын айтып, көшедегі таблоларды қайтаруды сұрайды.
Еске салайық, қор нарығында доллар тағы 3 теңгеге арзандады.