Ақша бопсалау: Шымкентте блогер мен үш сыбайласы қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерде беделге нұқсан келтіретін бейнематериалдарды жариялаймын деп қорқытып, азаматтардан ақша бопсалаумен айналысқан топтың заңсыз әрекетін тоқтатты. Бұл туралы ІІМ мәлім етті.
— Жедел іс-шаралар барысында Instagram желісінде 150 мыңға жуық оқырманы бар жергілікті блогердің үш сыбайласымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілерді әдейі бейнетаспаға түсіріп жүргені анықталды, — делінген хабарламада.
Олар қызметтік міндеттерін атқару барысында тәртіп бұзды деп, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке қатысты болуы мүмкін заң бұзушылықтарды сылтау етіп, түрлі бейнематериалдар жинаған.
— Кейін сол бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламау үшін азаматтардан ақша талап еткен, — деп хабарлады Ішкі істер органдарынан.
Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, Шымкентте блогер әрі журналист бопсалау ісі бойынша 5 жылға сотталған болатын.