АҚШ–Иран келіссөздері аясында Brent мұнайының бағасы 4%-дан астам арзандады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер мен Вашингтонның жағдайды шиеленістірмеуге деген ұмтылысы туралы мәлімдемесінен кейін әлемдік мұнай бағасы күрт төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Таңғы сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бағасы 4,4 пайызға арзандап, барреліне 82,08 АҚШ долларына дейін түсті. Ал WTI маркалы мұнайдың құны бір аптадан астам уақыттан бері алғаш рет барреліне 80 доллардан төмендеді.
Осы жағдай аясында АҚШ қор нарығындағы сауда-саттық әркелкі нәтижемен аяқталды. Инвесторлар жартылай өткізгіштер өндіретін компаниялар мен жасанды интеллект технологияларын әзірлеушілердің акциялары бойынша табысын тіркеп, қаржылық көрсеткіштері жоғары болғанымен, акциялары айтарлықтай қымбаттамаған компанияларға инвестиция көлемін ұлғайтты.
Сауда қорытындысы бойынша S&P 500 индексі 15,60 тармаққа немесе 0,2 пайызға өсіп, 7 428,78 тармаққа жетті. Dow Jones индексі 537,24 тармаққа немесе 1 пайызға көтеріліп, 52 747,32 тармақты құрады. Ал Nasdaq Composite индексі 55,17 тармаққа немесе 0,2 пайызға төмендеп, 24 876,91 тармақ деңгейінде жабылды.
Нарық қатысушылары енді 29 шілдеде өтетін АҚШ Федералдық резерв жүйесінің кезекті отырысын күтіп отыр.
Фьючерстік нарықтағы бағалауларға сәйкес, инвесторлар реттеуші негізгі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп күтеді. Соған қарамастан, нарықтың бір бөлігі биылғы жылдың соңына қарай мөлшерлеме қайта көтерілуі мүмкін деген болжамды да жоққа шығармай отыр.
Осыған дейін Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыстың бәсеңдеуіне байланысты әлемдік мұнай бағасы айтарлықтай түскені туралы жазған едік.