Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмысшы қаза тапты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қайтыс болған азамат 2002 жылы туған. Кәсіпорында екі жылға жуық еңбек етіп келген. 

Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмысшы қаза тапты
Фото: kazchrome.com

Ақсу ферроқорытпа зауытында УДИФ-1 металл ұсақтау қондырғысымен жұмыс істеу кезінде жұмысшы мерт болды.

— Қайғылы оқиға 20 сәуір күні түскі сағат үштер шамасында тіркелген. Алдын ала болжам бойынша, металл ұсақтау цехының жұмысшысының үстіне металл кесектері құлаған болуы мүмкін. 2002 жылы туған ер азамат оқиға орнында қаза тапқаны анықталды. Марқұм зауытта 1-2 жылдай еңбек еткен. Біздің инспекция мамандары қазіргі уақытта оқиға бойынша тергеу-тексеру шараларын жүргізіп жатыр, нәтижесі шамамен 10 күнде белгілі болып қалады, — деп хабарлады Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бас маманы Қанат Арқалықов.

Жалпы Ақсу ферроқорытпа зауытындағы жазатайым оқиғалар жиі болатынын айтуымыз керек.

Мәселен, 2024 жылдың мамыр айында Ақсу ферроқорытпа зауытының екі машинисі күйіп қалды

Кейін күйіп қалған машинист қыздың бірі ауруханада көз жұмды

Ал былтыр қыркүйек айында кәсіпорында тағы үш жұмысшыны күйік шалса, қараша айында тағы бір жұмысшы күйік жарақатын алды