Ақсу ферроқорытпа зауыты 2016 жылы экологиялық жобаларға 3 млрд. теңге жұмсайды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласындағы қоғамдық тыңдау кезінде тұрғындарға кәсіпорынның алдағы жылғы экологиялық бағдарламасы ұсынылды, деп хабарлады қаладағы ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметінен.
«Қазхром» ТҰК» АҚ-ның филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауытының қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы Инна Давыдованың айтуынша, зауыт табиғатты қорғау міндеттерін кешенді түрде шешуге тырысып отыр. Биылғы жылы олардың іске асырылуына «Қазхром» компаниясы 3 млрд-тан астам теңге бөлген. Келесі жылы экологиялық жобаларға дәл осындай соманы жұмсау жоспарланып отыр.
Жағалаудағы және су экожүйелерін қорғау аясында зауыттың демалыс үйінің маңындағы жердің ластануы мен Баянауылдағы Сабындыкөлдің батпақтануын болдырмау үшін маңайындағы аумақтың 10 гектар жерін тазалау және екі мың шаршы метр аумақта қамысты жинау жұмыстары қарастырылған.
20 мыңнан астам көшет отырғызылған кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағын одан әрі орнықтыру қарастырылады, ал 2016 жылға қарай көшеттер отырғызу жұмыстары жалғастырылмақ.
Өндірістің негізгі қалдықтарының дұрыс пайдаланылуына феррохром қоқысының үнемі өңделуі септігін тигізуде. Зауыт 2016 жылы жоғарыкөміртекті феррохромның 940 мың тонна қоқысын қайта өңдеуді жоспарлап отыр.