08:25, 10 Қаңтар 2019 | GMT +5
Ақсу қаласында билер кеңесі құрылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қалалық сотында билер кеңесі құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Билер сотын Ақсу қаласының құрметті азаматы Бәкіжан Өмірбаев басқарды. Кеңестің құрамына кәсіби емес медиатор Залмұхан Арынов пен кәсіби медиатор Абай Қасымбеков енді», - деді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінде.
Билер сотының мақсаты - достық пен өзара сенім негізінде тұрғындар арасындағы дауларды татулықпен шешу, қоғамда өзара сыйластық пен түсінушілікке бағытталған қарым-қатынасты орнату.
Ақсу қалалық сотының төрағасы Марат Дайкеновтың айтуынша, билер соты қоғамдағы даулы сұрақтарды сотқа жеткізбей шешуге және жанжалдың санын азайтуға, тараптарға дауды шешу жолының оңтайлы әдісін қабылдауға көмектеседі.