Ақсу зауытында ыстық суға күйіп қалған машинист қыз ауруханада көз жұмды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс үстінде екі бірдей кран машинисі күйіп қалғаны туралы хабарлаған едік. Оның бірі үйіне жіберілсе, екіншісі ауыр жағдаймен ауруханада қайтыс болды.

денсаулық
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Бұған дейін аталған кәсіпорынның екі кран машинисі күйіп, оның бірі ауруханаға жатқызылғанын хабарлаған едік. 

Кейін жас қыздың денесінің 80-85 пайызын күйік шалғаны анықталды. Қыз ауруханада комаға түсті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шегушінің ауруханада көз жұмғаны туралы хабарланды.

«25 жасар пациент Павлодар қаласындағы №1 ауруханаға 25 мамыр күні жансақтау бөліміне жатқызылған. Денесінің 80-85 пайызын күйік шалғаны анықталды. Барлық емдеу шаралары толыққанды жүргізілгеніне қарамастан ол ауруханада көз жұмды», - деп мәлімдеді басқармадан.

Күйік шалған екі қыздың бірінің жағдайы қалыпты, қазіргі уақытта амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Өндіріс орнында болған жазатайым оқиға бойынша өңірлік еңбек басқармасы тексеру шараларын жүргізуді бастады.