Ақсу-Жабағылыда тауға шыққан екі адамның бірі көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікте орналасқан таулы аймақта авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Операция Төлеби ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы Шүнкілдек асуында өтті.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға туралы хабарлама тауда болған ер адамнан түскен. Оның айтуынша, бірге жүрген досының денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмған. Ал өзі де жағдайының нашарлауына байланысты таудан өздігінен түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне мұқтаж болған.
Оқиға орнына ТЖМ күштері мен құралдары, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жіберілді.
– Тікұшақтың көмегімен жетуі қиын таулы аймақтан 1993 жылы туған ер адам эвакуацияланды. Қауіпсіз жерге жеткізілгеннен кейін оны жедел медициналық жәрдем қызметінің дәрігерлері қарап, қажетті көмек көрсетті. Госпитализация қажет болмады. Сондай-ақ таудан 1978 жылы туған ер адамның мәйіті түсірілді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол денсаулығының күрт нашарлауынан қайтыс болған, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тауға шығар алдында жақындарына баратын бағыты туралы алдын ала хабарлап, ауа райы болжамын ескеруге кеңес береді. Сондай-ақ өзіңізбен бірге байланыс құралдарын, жеткілікті мөлшерде су, дәрі қобдишасы мен қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүру қажет екенін ескертті.
Айта кетейік, Ақтауда Каспий теңізінен ағыс алып кеткен бес жасөспірім құтқарылды.