Ақсуда құрылысына 11 млрд теңге бөлінген жаңа қазандық әлі пайдалануға дайын емес

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Мердігер жобада қарастырылмаған жабдықты орнатқан. Енді көмір ұсақтағыш бөлшек не қайта бұзылып алынуы керек, не мемлекеттік сараптамадан қайта өтуі керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
Фото: Наталья Зинченко

Ақсу әкімдігінде ферроқорытпа зауытының ескі қазандығы 70 пайызға тозғаны туралы осыдан 10 жыл бұрын айтылды. Осы себепті қалада жаңа қазандық салу туралы шешім қабылданды.

Нысан құрылысын аяқтау және пайдалануға беру 2019 жылға жоспарланған еді. Алайда құрылыс белгіленген мерзімде аяқталған жоқ. Ол кезде жобаның құны 10,8 млрд теңгені құрады.

2020 жылдың күзінде құрылысты аяқтауға тағы 750 млн жетпейтін болып шықты. Проблемалар мұнымен бітпеді. Жаңа қазандық бірнеше жылдан бері іске қосылмай тұр.

Қазіргі уақытта мердігер жобаны түзетіп, оны мемлекеттік сараптамаға қайтаруды шешті. Бұл нысанда құжаттарда көрсетілмеген қосымша қондырғылар орнатылуымен байланысты. Оны заңдастыру керек. Сараптама қорытындысы қазан айының соңына дейін дайын болады.

«Өкінішке қарай, 2019 жылы салынған жаңа қазандық әлі іске қосылған жоқ. Оған мердігер мемлекеттік сараптамадан өткен жобада көзделмеген қосымша ұсақтау қондырғысын орнатқаны себеп болды. Екі шешім бар: қазандықты іске қосып, ұсақтағыштарды бөлшектеу немесе орнатылған жабдықты заңдастырып, жобаны реттеу. Екінші жолды ұстанған мердігер жобаны ретке келтіріп, мемлекеттік сараптамаға жіберіп жатыр, нәтижесі қазан айының соңына дейін шығады. Оң қорытынды шыққан жағдайда жаңа қазандық пайдалануға беріледі», - деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Биылғы қыста Ақсу қаласын бұрынғыдай «АФЗ» АҚ-ның ескі қазандығы жылытады. Ондағы алты қазандықтың төртеуі жөнделді. Бұл жылыту маусымына жеткілікті. Тағы екі қазандықты жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталады.
Соңғы жаңалықтар