Ақсуда жұмысына салғырт қараған дәрігер сотталды - Павлодар облысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Ақсу қаласы туберкулезге қарсы ауруханасының дәрігері Елена Ли дәрігерлік қызмет ету құқығынан екі жылға айырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ақсуда жұмысына салғырт қараған дәрігер сотталды - Павлодар облысы

Бұл туралы агенттікке Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің хатшысы Жанар Жұматаева хабарлаған.

ҚР ҚК-нің 317-бабы, 3-бөлігі - «Кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамау салдарының адам өліміне әкелуі» бойынша фтизиатр дәрігерге айып тағылды. Сотқа дейінгі тергеу Ақсу қаласы туберкулезге қарсы ауруханасында бес күн емделгеннен кейін жаңа жылды қарсы алуға үйіне жіберілген Павлодар қаласының тұрғыны Павел Ивановтың өліміне қатысты жүргізілді. Марқұмның әпкесі Елена Иванованың айтуынша, науқасқа психотропты препараттар берілген. Алайда телефон арқылы Павелдің өзіне өзі қол жұмсауға талпынғаны жайлы хабарлағанда ол жедел дәрдем шақыртудың қажеті жоқ екенін айтқан. Нәтижесінде, жігіт жетінші қабаттан секіріп кеткен. - Өзінің тиісті міндеттеріне салғырт қараудың нәтижесінде науқас терезден секіріп кетіп, ауыр жарақаттармен көз жұмды. Дәрігер Лиді ҚР ҚК-нің 317-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, сот екі жылға денсаулық сақтау органдарында қызмет ету құқығынан және шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енді, - деді Ж.Жұматаева.