Ақсулық монополист қатты қалдықтар бойынша тарифті 21%-ға азайтуға мәжбүр болды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің араласуымен Ақсу қаласында қатты қалдықтар үшін тариф төмендетілді.

Алматыда тарифтердің көтерілуіне байланысты өтемақы өседі
Фото: Kazinform

Жауапты департаментке «Горкомхоз-Ақсу» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды (қауіпті емес, аралас) жинау және әкету қызметтеріне бағаны негізсіз көтеру мәселесі бойынша өтініш келіп түскен.

- Департамент жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша кәсіпорын Ақсу ферроқорытпа зауыты үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және әкету жөніндегі қызметтерге монополиялық жоғары бағаларды белгілегені және қолданып келгені анықталды. Оның қорытындысы бойынша «Горкомхоз-Ақсу» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қолданыстағы тариф 21%-ға азайтылды, - деп хабарлады Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінен.

Кәсіпорынның монополиялық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған 1 600 112 теңге сомасындағы заңсыз кірісі тәркіленіп, 224 517 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындалған. Айыппұл ерікті түрде төленді.

Бұдан бөлек, департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарған. Ол белгіленген мерзімде орындалған.

Еске сала кетейік, энергетика министрлігі тарифтерді басқару бойынша цифрлық сервисті іске қосты.

 

Соңғы жаңалықтар