Ақтау әуежайында автотұрақ бағасы негізсіз көтерілгені үшін тексеріс басталды

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті Ақтау халықаралық әуежайының автотұрағына қатысты бағаны көтеру және бәсекелестік қағидаларын бұзу күдігі бойынша тергеп-тексеруді бастады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Ақтау әуежайы
Фото: БҚДА

Мәлім болғандай әуежай автотұрақта 15 минуттан артық тұрғаны үшін 500 теңге мөлшерінде ақы алатын болған. Бағаның негізсіз өсуі — тексеріске себеп болып отыр.  

«Алдын ала нәтижелер, әуежай қызметтерін пайдаланатын халықтан қаржы алу арқылы шамадан тыс пайда көру мақсатында теріс пайдалануы ықтимал екендігін меңзейді», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша департамент облыс әкімдігімен жасалған концессиялық келісімді талдап, «АТМ Grup» ЖШС филиалының қызметін тексеруде. Егер монополияға қарсы заңнаманың бұзылғаны расталса, концессиялық келісімді бұзу немесе оның шарттарын өзгерту туралы нұсқама беріледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Астана қаласы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің ескертуінен кейін елорда әуежайы ақылы тұрақ аймақтарында бағаны көтеруден бас тартқанын жазған едік. 

Себебі, оған дейін Астана әуежайының ресми Instagram парақшасында ақылы тұрақ аймақтарында тарифтердің көтерілетіні туралы ақпарат жарияланған болатын.

Ақпарат құралдарында да Астана әуежайында автотұрақ қымбаттайтыны жарияланған еді.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ескертуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ақылы тұрақ аймақтарында бағаның көтерілуіне жол бермеу шараларын қабылдады.

 

 

Соңғы жаңалықтар