18:24, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтау гарнизонында қылмыс деңгейі 25,5 пайызға артқан
АҚТАУ. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Ақтау гарнизонында қылмыстық істер 2007 жылмен салыстырғанда былтыр 25,5 пайызға артқан.

Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ «Батыс» Аймақтық басқармасының ғимаратында өткен Ақтау гарнизонының әскери басқарма органдары мен құқық қорғау органы әскерилерінің Үйлестіру алқасының кеңейтілген отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өткен жылы Ақтау гарнизонында әскери қылмыстар 22,2, жалпы қылмыс 29,4 пайызға артқан. Орташа ауыр қылмыстар 9,4, шағын ауыр қылмыстар 13,3 пайызға дейін көбейіп, ал ауыр қылмыстар сол деңгейде қалды. Аса ауыр қылмыстар тіркелмеген. Тонау, бұзақылық, бопсалау, ұрлық та көбейген. «Әскери қылмыстар ішінде негізінен әскери қызметкерлердің өзара қарым-қатынасына байланысты және күзет қызметіндегі жарғылық ережелерді бұзу, әскерден қашу фактілері басым болды. Шындығында 2008 жылы қылмыстық істер салыстырмалы түрде көбейіп кетті деуге болмайды. 2007 жылғы көптеген қылмыстық әрекеттер есепке алынбай қалған. Соның есебінен былтырғы көрсеткіште көп өзгеріс байқалды. Мәселен, 2007 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдері тексеру кезінде анықталған қол жұмсау фактісіне байланысты қозғалған 3 қылмыстық іс бойынша кінәлілерді тек тәртіптік жауапкершілікке тартып қана қойған. Оның үстіне былтыр гарнизонда алдыңғы жылға қарағанда қылмыспен күрес шаралары көп жүргізілді. Өткен жылы қылмыстың көбеюінің тағы бір себебі, гарнизонда әскерилер санының 31,2 пайызға артуымен де байланысты», - дейді Ақтау гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі Р. Алмаханов. 2008 жылы тіркелген 69 қылмыстық іс бойынша 51 адам түрлі дәрежеде жауапқа тартылды. Олар: мерзімді қызметтегі 23, келісім-шарт бойынша қызметтегі 9 әскери қызметкер, 16 офицер, ҚР Қарулы Күштерінің 2 қызметкері және бір азаматтық тұлға.