Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ақтау әкімі баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерін марапаттады

АҚТАУ. KAZINFORM — 6 тамызда Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қызметтік міндетін үлгілі атқарып, баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетті. 

Ақтау қаласының әкімі баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерін марапаттады
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Еске салсақ, 30 шілде күні «102» арнасына Ақтау қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 10-қабаттағы ашық терезенің сыртқы жақтауында тұрған баланың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен Ақтау қаласы Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері — полиция лейтенанты Данияр Татиев пен полиция капитаны Ержан Кокенов кәсіби әрі үйлесімді әрекет етіп, ғимараттың сыртқы жақтауында тұрған баланы аман-есен құтқарып қалды.Полицейлердің жеделдігі мен батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды.

Ақтау қаласының әкімі баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерін марапаттады
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Қабылдау барысында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен жанқиярлығына жоғары баға беріп, олардың ерлігі үшін ризашылығын білдірді.

— Адам өмірінен асқан құндылық жоқ. Қиын сәтте батылдық танытып, өз міндеттеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Сіздердің жедел әрі кәсіби әрекеттеріңіздің арқасында бір баланың өмірі сақталып қалды. Бұл — нағыз азаматтық жауапкершілік пен антқа адал қызмет етудің айқын көрінісі. Осындай еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін және алдағы қызметтеріңізге табыс тілеймін, — деді қала әкімі.

Ақтау қаласының әкімі баланың өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерін марапаттады
Фото: Ақтау қаласы әкімдігі

Жиын соңында қала әкімі Әбілқайыр Байпақов пен Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы Сембіғали Зәкенов полиция қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыстады. 

Айта кетелік Оралда дүкен тонаған қылмыскерді дер кезінде ұстаған полицейлер марапатталған еді