Ақтау қаласының прокуроры мас күйінде тәртіп бұзғаны үшін ұсталды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Ерболат Әбдіров демалыс кезінде Астанадан Алматыға ұшып келген кезінде Қазақстан Республикасы ІІМ Көлік полициясы департаментінің желілік полиция қызметкерлері тарапынан әуежайда «мас күйінде тәртіп бұзғаны» үшін ұсталды.

— Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болу) және 434-бабының 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға тіл тигізіп тиісу және қоғамға құрметсіздік білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттер) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, — делінген хабарламада.
Бұл оқиғаны Маңғыстау облысының прокуратурасы растады.
— Маңғыстау облысының прокуратурасы осы оқиғаға байланысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Тергеу нәтижесі бойынша аталған қызметкерге қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Ақтауда «ҚазАзотқа» атмосфераны ластағаны үшін 8,5 млн теңгеге айыппұл салынған болатын.