20:27, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
Ақтау қаласын көгалдандыру мәселесі күн тәртібінде тұр
АҚТАУ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Алдағы наурыз айында қаланы абаттандыруға қатысты шаралар бастау алады. Соған байланысты Ақтау қаласында сұраусыз кесілген әр талға 100 мың теңге айыппұл салынуда. Бұған қоса жалға алған жеріне жасыл желек отырғызуға жеке кәсіпкерлер заң жүзінде жауап бермек,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақтау қалалық кәсіпкерлер бөліміне сілтеме жасап. Бүгінде өңірдегі оттегі тапшылығы 15 пайызды құрап отыр. 40 жылдан астам уақыттан бері Маңғыстауда тұрып жатқан қариялар бұрынғы Ақтауды көз алдарына жасыл түсте елестетеді екен. Бірақ жылдар өте қалаға ерекше көрік берген жайқалған желектердің қатары азая бастаған. Ол талдардың көбі 90-шы жылдардағы су тапшылығы кезінде қурап қалыпты. Енді мұнда мыңдап жаңа ағаштар отырғызуға күш салу керек, дейді олар. «Күштеп тартпаса, өз еркімен ағаш отырғызуға көпшілік ынта таныта қоймайды. Тіпті жеке құрылыс тұрғызуға жер бөлінген кезде келісімшартта көрсетілетін міндетті абаттандыру жұмыстарын меншік иелерінің кейбірі ұмытып та кетеді. Көбі айыппұл төлеп, құтыла салғанды қолай көреді. Келісімшартта көрсетілген міндетті талаптарды орындамағандарды жерді пайдалану құқығынан айыра аламыз. Сондай-ақ, оларға қатысты әкімшілік шаралар да қолданылады», - дейді Ақтау қалалық кәсіпкерлер бөлімінің бастығы Азамат Ержанов. Өткен жылы 262 кәсіпкер әкімшілік жазаға тартылып, оларға түрлі деңгейдегі айыппұл салынған. Сот шешімімен 10-ға жуығының жұмысы уақытша тоқтатылды. Ендігі жерде қала әкімшілігіндегілер ескертулерге құлақ аспағандармен арадағы келісімшарттардың бұзылатындығын айтады.