Ақтау қаласының бас жоспары қайта жасақталды

АҚТАУ. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова / - Ақтау қаласының бас жоспарына өзгертулер енгізіліп, қайта жасақталды,

Ақтау қаласының бас жоспары қайта жасақталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қаласының бас жоспарымен Алматы қалалық «Града» жобалау фирмасының директоры Аркенжан Маметов таныстырды.

Қаланың бас жоспарының тұсау кесер рәсіміне қаладағы түрлі қызмет көрсететін мекеме басшылары қатысты. Жоба 25 жылға жасақталып отыр.  Оны «Ақтауградкадастр» мемлекеттік -коммуналдық кәсіпорынының тапсырысы бойынша Алматы қалалық «Града» жобалау фирмасы іске асырды. Бұған жергілікті бюджеттен 57 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Қаланың осыдан 8 жыл бұрын жасақталған бас жоспарын өзгертуге біріншіден, облыс орталығындағы тұрғындар санының өсуі себеп болды. Бұған дейінгі жоба - 260 мың адамға есептеліп жасалған.

 Ал бүгінде Ақтау қаласында 320 мың тұрғын бар. Бас жоспарға қалаға жақын орналасқан Мұнайлы ауданы қосылған. Бұл ауданда 100 мыңға жуық адам тұрады. Ақтау мен аталған ауданның инжинерлік инфрақұрлымы, көлік жолдары мен еңбек инфрақұрлымы ортақ. Сондықтан бас жобада бұлар  дамуы біртұтас аймақ ретінде қаралған.

 «Алдағы уақытта Алматы қаласының  аумағына бас жоба жасақталады. Оған сол маңдағы елді мекендер кіреді. Шымкент қаласы бойынша да солай. Бұл аймақты дұрыс, әрі тиімді пайдалану болып есептеледі. Ақтау қаласы және Мұнайлы ауданы аумақтарын біріктірген себебіміз де осыған байланысты. Ол жобалау шарттарына  сәйкес жасақталды», дейді Алматы қалалық «Града» жобалау фирмасының директоры Аркенжан Маметов.

 Ақтау қаласының бас жоспарын түзетуге себеп болған факторлардың бірі - осында бой көтеретін «Ақтау Сити» орталығы болып отыр.

 Аталмыш жобамен қаладағы қызмет көрсету мекемелері танысқаннан соң,  олардың тарапынан  қолдау болса, жергілікті басқару орталықтары қатысқан қоғамдық талқылау болмақ.