Ақтау мектептерінде жалған дипломмен жұмыс жасаған 11 мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының прокуратурасы орта, орта техникалық білім беру мекемелерінде жас ұрпақты оқытатын педагогикалық құрамның дипломдарының шынайлығына тексерістер жүргізді.
Шара барысында белгілі болғандай, бастауыш сыныптарда сабақ беретін 11 ұстаз жоғары білім туралы жалған дипломмен жұмыс жасаған.
«Дипломдардың жалғандығы сот-криминалистік сараптама мен олар оқыған делінген жоғары оқу орындарынан алынған мәліметтер бойынша дәлелденді. Ақтау қаласының прокуратурасы ҚР КҚ 325-бабының 3 бөлімі бойынша 10 қылмыстық іс қозғады. Бір іс бойынша айыптау үкімі шығарылды, онда азаматша Ш. кінәлі деп табылды. 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұлдан өзге, ол заңсыз түрде алған 203 мың 555 теңге еңбекақысын мемлекетке қайтарды», - дейді Ақтау қаласының прокуратура бөлімінің бастығы Мәлік Оспанов.
Қалған қылмыстық істердің тексерілуі аяқталып, үкімдер заңды күшіне ие болған соң жалған диплом бар барлық оқытушылардан жалпы сомасы 6 млн. теңгені құрайтын еңбекақылары өндіріліп алынбақ.