«Ақтау мектептерінде жаппай қантөгіс болады» деген желідегі жазба тексеріліп жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысында тұрғындардың WhatsApp чаттарында білім беру мекемелеріне жасалатын шабуыл туралы қорқыту сөздер жазылған хабарламалар таратылуда. 

полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Полиция департаменті бұл хабарламалардың таралу көзін анықтап, әлеуметтік желілердегі ақпарат бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

- Құрметті тұрғындар! Мессенджерлерде мектептерде террористік актілер жоспарланып жатыр деген жалған ақпарат тарауда. Азаматтардан осындай тексерілмеген хабарламаларға сенбеуді және оларды таратпауын сұраймыз. Қазіргі уақытта полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жағдай толығымен бақылауда, - делінген хабарламада. 

«Ақтау мектептерінде жаппай қантөгіс болады» деген желідегі жазба тексеріліп жатыр
Фото: Kazinform

Сонымен қатар, полиция департаменті террористік актілер туралы жалған хабар тарату үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салып, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды. 

Ал Маңғыстау облысының білім басқармасы әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа байланысты полиция тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Нәтижесінде тізімде көрсетілген білім беру ұйымдарының ғимараттары қауіпсіз екені расталып, арнайы актілер берілген.

- Осыған орай, 2025 жылғы 10 қараша күні Ақтау қаласындағы барлық мектептерде оқу процесі штаттық режімде, сабақ кестесіне сәйкес өтеді.

Білім беру ұйымдарында ешқандай қауіп-қатер жоқ, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр мектепте учаскелік полиция қызметкерлері кезекшілік атқарады, - деп жазды ведомстводан.

Бұған дейін, ҰҚК түрмедегі адам террорлық акт жасауға дайындалғанын хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар