Ақтау портында су түбін тереңдету жұмыстары басталды

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау халықаралық теңіз сауда портында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты су түбін тереңдету жұмыстары басталды. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі хабарлады.

Дноуглубительные работы начались в порту Актау
Фото: Үкімет

Жоба порт инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша жүк тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жұмыс барысында порт акваториясынан шамамен 1,3 млн текше метр топырақ алу жоспарланған. Бұл акваторияның тереңдігін 6-7 метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жоба порттың өткізу қабілетін арттырып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымал көлемін 30%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар теңіз арқылы жүк тасымалдау құны шамамен 10-15%-ға төмендеуі мүмкін.

Дноуглубительные работы начались в порту Актау
Фото: Көлік министрлігі

Су түбін тереңдету жұмыстары теңізде жүзу қауіпсіздігін арттырып, порт инфрақұрылымына инвестиция тартуға да ықпал етеді.

Қазір мердігер компания жұмыстарды орындау кестесін әзірлеген. Жобаны белгіленген мерзімге сәйкес іске асыру үшін тұрақты жұмыс кеңестері өткізіліп, туындаған мәселелер жедел шешілуде.

Дноуглубительные работы начались в порту Актау
Фото: Үкімет

Су түбін тереңдету жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Бұған дейін, Маңғыстауда Құрық портындағы жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын жазған болатынбыз.