«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 2 зауыт салынады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Италиялық «Тенарис Глобал Сервисез» компаниясы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болуға және құны 7,4 млрд. теңге болатын газогерметикалық бұрандалы бөлшегі бар құбырларды шығаратын зауыт салуға дайын екенін мәлімдеді.
None
None

«Зауытта 1 жыл ішінде 45 мың тонна құбыр жасалатын болады. Қазіргі кезде Арнайы экономикалық аймақ қатысушысы мәртебесін алу үшін қажетті құжаттарды әзірлеу мен жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан кейін зауыт салу үшін жер учаскесі бөлінеді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру шеңберінде 90 жұмыс орны ашылады», - деп хабарлады «Ақтау теңіз порты» АЭА директоры Әмірбек Төлегенов.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа технологияны пайдалану, кадрлардың білімін жетілдіру «Тенарис Глобал Сервисез» компаниясының басымдығы болып табылады.

Зауыт өнімдері алдымен республикадағы сұранысты қамтамасыз етеді, олар ТШО, Аджип, Қарашығанақ кен орындарына жеткізілетін болады.

Тағы бір италиялық «Пиетро Фиоринтини Қазақстан» компаниясы АЭА-да мұнай-газ құрылғыларын шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Инвестицияның жалпы көлемі - 2,5 млрд. теңге.

«Зауытты салу үшін қажетті жер учаскесін рәсімдеу аяқталып қалды. Кәсіпорын АЭА территориясында сорғы, компрессор, салқындатқыш және желдеткіш құрылғылар, клапандар, есептегіш машиналар, т.б. Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз сияқты кен орындарына қажетті құрылғылар жасауды жоспарлап отыр», - деп мәлімдеді Ә. Төлегенов.

Соңғы жаңалықтар