Ақтауда 256 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз айналымға шығару фактісінің жолын кесті.
8 тамыз күні Ақтау қаласында табиғатты қорғау полициясы мен қалалық полиция қызметкерлерінің қатысуымен Toyota Prado автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тексеру барысында жүксалғыштан жалпы салмағы 256 келі болатын 62 бекіре тұқымдас балық анықталды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өткізу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Айта кетелік Алматы облысында 260 келі балықты заңсыз аулаған браконьерлер сотталды.