Ақтауда 36 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда көші-қон талаптарын бұзған 36 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы қалалық полиция басқармасы хабарлады.
Көші-қон қызметінің мамандары шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тарапқа қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде 14 шетелдік Қазақстан аумағынан белгіленген мерзімде шықпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
- Оларға 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы немесе ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарылуы мүмкін. Тағы 15 шетел азаматына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, шетелдіктерді қабылдау талаптарын сақтамаған 12 Қазақстан азаматы жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада.
Оған қоса, бес қазақстандық шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондықтан полиция шетел азаматтарына Қазақстанда болу және жұмыс істеу кезінде көші-қон заңнамасының талаптарын сақтап, құжаттарын уақытылы рәсімдеуді ескертті.
Бұған дейін, Ақтауда 205 келі бекірені көлікпен алып бара жатқан екі адам ұсталды.