Ақтауда «Алтын белгісіз» қалған түлектің ісі министрлікке дейін жетті
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының білім басқармасы мектеп түлегі Үміт Ершееваның «Алтын белгі» иегерлерінің қатарына енгізілмеуіне қатысты өтініші бойынша тексеру жүргізді.
Тексеру қорытындысы бойынша Маңғыстау аудандық білім бөліміне мәселені шешуге қатысты нақты тапсырмалар берілген.
— Аудандық білім бөлімі жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша 2026 жылғы 10 тамызда азаматшаның өтініші толық қанағаттандырылатын болды, — деп хабарлады Маңғыстау облысының білім басқармасы.
Өтініш иесі мектеп қабырғасында 11 жыл бойы үздік бағамен оқығанын, алайда «Алтын белгі» иегерлерінің қатарына енгізілмегенін айтқан. Оның сөзінше, ол Алматы қаласындағы «Тұран» университетінің төрт жылдық тегін оқу мүмкіндігін конкурс арқылы жеңіп алған. Алайда аталған мүмкіндікті пайдалану үшін «Алтын белгі» иегері екендігін растау талап етілген.
Білім басқармасының хабарлауынша, мәселені түпкілікті шешу үшін өтініш иесіне Шетпе ауылында орналасқан Маңғыстау аудандық білім бөліміне жүгіну ұсынылды.
Сонымен қатар, осы жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданылатыны айтылды.
Бұған дейін, Маңғыстауда 13 жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.