Ақтауда әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша сот алды тергеу жүргізілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы 18 қыркүйекте Ақтау горнизонында оқу-жаттығу кезінде Қорғаныс министрлігі 25744 әскери бөлімінде мерзімді қызметін өтеп жүрген 4 сарбаздың қаза болу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі (ауыр салдарға алып келген қызметіне селқос қарау) бойынша сот алды тергеу басталды.
Аталмыш факті бойынша Бас әскери прокуратура арнайы прокурорының басшылығымен тергеу жедел тобы құрылды.
Қазіргі уақытта төтенше оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Сот алды тергеу бақылауға алынды. Қылмыстық іс тергеуінің барысы мен нәтижесі туралы жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша хабарланады, деп атап өтті Бас әскери прокуратурадан.
Еске салсақ, Қорғаныс министрлігінде жаттығу уақытында орын алған жазатайым оқиға жайлы хабарланған болатын. Салдарынан алдын ала деректер бойынша, 4 сарбаз суға батып кеткен.