Ақтауда атмосфералық ауаға күкіртті көміртек таралғаны анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM — Бұған дейін Ақтауда және оған жақын орналасқан Мұнайлы ауданында тұрғындар бірнеше күн бойы жағымсыз иіске шағымданған еді.
Соған орай, Маңғыстау облыстық экология департаментінің қызметкерлері күндіз-түні атмосфералық ауаға мониторинг жүргізген. Нәтижесінде битум зауытының санитарлық-қорғау аймағынан 2 күн қатарынан күкіртті көміртектің шектен тыс артқаны анықталды.
— Экология департаментінің мамандары 15-22 желтоқсан күндері Ақтау қаласы және қала сыртындағы өндірістік аймақтармен елді мекендердің атмосфералық ауасына жоспардан тыс мониторинг жұмыстарын жүргізді. Оған ағымдағы жылдың 15 желтоқсан күні қала аумағында таралған жағымсыз иіс бойынша әлеуметтік желіде тұрғындар тарапынан түскен шағымдар негіз болды. Атқарылған мониторинг жұмыстары барысында 19 және 20 желтоқсан күндері «Caspi Bitum» ЖШС санитарлық-қорғау аймағынан атмосфералық ауадан сынамалар алу кезінде көміртек дисульфидінен (CS2) шекті рұқсат етілген концентрациядан артулар (ШРК) байқалды. «Caspi Bitum» ЖШС тексеріс ашу үшін анықталған фактілер прокуратура органдарына жолданады, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Ақтауда тағы бір кәсіпорынның аумағында атмосфералық ауаның ластанғаны анықталған еді.