Ақтауда аймақтық индустрияландыру күні өтіп жатыр
АҚТАУ. 20 маусым. ҚазАқпарат. - Индустрияландыру күні аясында Ш. Есенов атындағы КМТжИУ студенттері өңірдегі «Арнайы экономикалық аймақта» орналасқан жоғары технологияларға ие маңызды кәсіпорындарды аралады.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Лиза Олжабаева студенттерді индустрияландыру картасы бойынша бой түзеп жатқан жаңа нысандармен таныстырды.
Маңғыстау облысы бойынша құны 625 млн теңге болатын 34 индустриялық жоба қарастырылған болатын. Ол 30 мың жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Оның 17-сі іске асып, биылғы жылдың соңына дейін 11 жоба аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 8 жоба бар.
«Арнайы экономикалық аймақ» бүгінде инвестиция тартуға, әлемдік озық технологияларды пайдаланып, кәсіпкерлікті дамытуға өте тиімді болып отыр. Өйткені арнайы экономикалық аймақта инвесторлар үшін баж салығы, кеден төлемдері нөлге сәйкес. Аймақтағы іскерлік белсенділік күн өткен сайын қарқынды дамып келеді. Соңғы 2 жыл ішінде құны 120 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба іске асты, 3 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды», - дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Л.Олжабаева.
Бүгінде «Арнайы экономикалық аймақтың» 3 оқшауланған аймағы бар. Шара барысында 2011 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген полиэтиленді құбырлар шығаратын зауыт басшылығы студенттерге өндіріс орнын таныстырды.
Құбырлар цехында жылына 150 мың метрді құрайтын полэтиленді құбырлар мен 210 метрді құрайтын полиэтиленмен қапталған темір құбырлар өндіріледі. Басты тұтынушылары Екібастұз, Қарағанды қалалары, сондай-ақ, «Өзенмұнайгаз» ӨФ, басқа да мұнай мекемелері тапсырыс береді. Мұнда қазір 50-ге жуық жұмысшы еңбек етеді.
Келесі нысан жылына 450 млн тонна битум шығаратын «Каспий Битум» ЖШС болды. Бұған дейін Ресейден тасымалданып келген битумдар енді өзімізден өндіріліп, Қазақстан сұранысын толықтай қамтамасыз етеді және экспортқа шығарылады. Отандық нарықтағы экономикалық әлеуеті басым ірі жобаны «CASPI BITUM» ЖШС және «СИТИК ҚАЗАҚСТАН» ЖШС бірлесіп қолға алған. Зауыт жылына млн. тонна мұнайдан 2 түрлі битум өндіріп шығарады. Бірі - жаңадан шығарылған және жолға арналған битумдар. Құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан зауыт жұмысы үстіміздегі жылдың соңында аяқталып, алдағы тәуелсіздік мерекесінде пайдалануға берілмек.
«Бүгін біз өз облысымыздағы көптеген зауыттарды аралалдық. Жоғары технологиялы өнімдер шығаратын өндіріс орындарын өз көзімізбен көрдік. Өзім болашақ физик ретінде болашақта осында жұмыс жасаймын деген ойдамын», - дейді Есенов атындағы КМТжИУ студенті, болашақ физик Жаннат Байрамбаева.