Ақтауда «Балаларды қорғау күніне» орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып мерекелік шара өтті

АҚТАУ. 30 мамыр. ҚазАқпарат. - Бүгін «Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі  «1 маусым - балаларды қорғау күніне» арналған мерекелік шара ұйымдастырды.

Ақтауда «Балаларды қорғау күніне» орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып мерекелік шара өтті

Тірек қимыл жүйелері бұзылған, психикалық-неврологиялық ауытқулары бар, мүмкіндігі шектеулі 50 балаға арналған мерекелік шарада балалардың өздерінің қолымен жасаған қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Ән салатын таланты бар балалар шығармашылығы дискіге жазылып, бүгін сол тырнақалды өнер туындыларының тұсаукесері өтіп, сатылымға шығарылды. Түскен қаржы балалардың өздеріне табысталмақ. «Балбөбек» облыстық қуыршақ театрының актерлері де балаларға өздерінің дайындап келген қойылымдарын көрсетті.

 Мерекені өткізуге қаржылай қолдау көрсеткен - «Қаражанбасмұнай» АҚ. Мекеме орталықтағы балалардың бәріне бірдей спорттық киімдер алып беріп, мерекелік шараны безендіру жұмыстарын түгелімен дерлік өз мойындарына алған. Сондай-ақ «Ұрпақ некст» жастар қоғамдық қорының демеушілігімен «Айналайын» балаларды дамыту студиясы жанынан 3 қосымша үйірме ашылып, бейнелеу, қолөнер, емдік гимнастика үйірмелеріне мүмкіндігі шектеулі 20-ға жуық бала қатысып жүр. 

Орталық директорының орынбасары  Жанар Үмбетқалиеваның айтуынша, «Ақтау қалалық үйлерінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» 1,5 жастан 18 жас аралығындағы  163 бала бар. Олар мектепке барып білім ала алмайтын болғандықтан, оларға 28 әлеуметтік қызметкер үйлеріне барып, оқыту-ағарту, медициналық, психологиялық, әлеуметтік, педагогикалық көмек көрсетеді.