Ақтауда білім беру қызметкерлерінің тамыз мәслихаты өтті
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтауда облыс білім қызметкерлерінің тамыз мәслихаты өтті.
Онда Қазақстан Республикасының білім жүйесін дамытудың заманауи стратегиясы талқыланды. Кеңестің жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында білім жүйесіне баса көңіл бөлінуде, соңғы төрт жылда осы саланы қаржыландыру төрт есе артып, 24,4 млрд. теңгені құрады. Соның арқасында аймақта облыстық мұғалімдер үйі, «Дарын» білімді ақпараттандыру және қосымша білім беру орталығы сияқты бірнеше білімді қолдау орталықтары пайда болды. Соның нәтижесінде республикалық пән олимпиадалары жеңімпаздарының саны 9 есе өсті, ал халықаралық ғылыми жобалар конкурстарында облыс оқушылары жыл сайын медальдарға ие болып жүр.
Бұдан басқа, аймақта Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге сәйкес мектепке дейінгі балалар мекемелерінің саны арта түсуде. Жыл басынан бері осындай 25 орталық ашылды, 3 бала бақша мемлекет меншігіне қайтарылды, 22 шағын орталықтар құрылды. Биылғы жылдың қыркүйегінде 840 орындық үш балабақша пайдалануға берілмек, ал 890 орындық бес балалар мекемесінің құрылысы жалғасуда. Таяудағы уақытта бұған қоса 480 орындық 6 балабақшаның құрылысы басталады, тағы үшеуінің жобасы әзірленуде. Сонымен бірге 1970 орындық 10 ғимаратты қайтарып алу жөнінде жұмыс жүргізілуде.