Ақтауда бірнеше күннен бері ауыз сусыз отырған тұрғындар жолды жапты
АҚТАУ. KAZINFORM — Тұрғындар 19 бен 16 шағын аудандардың ортасындағы автокөлік жолын жауып, жергілікті биліктен су беруді талап етті. Полиция қызметкерлері жол көлік апатының алдын алу мақсатында, жиналғандардан жолдан шығуды сұрады. Содан соң тұрғындарға Ақтау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұртас Сали келіп, ауыз су тапшылығын жою үшін жасалып жатқан шараларды түсіндірді.

Еске салайық, бүгін Маңғыстау атом энергия комбинатының өкілі Владимир Васильев қалада су тапшылығы қайтадан туындағанын хабарлады. Оған аптап ыстықтан теңіз суы температурасының көтерілуі мен ауыз суды тұтыну көлемінің күрт артуы себеп болған. Сондықтан шаһарда бірінші кезекте тұрғындарға ауыз су жеткізу үшін, көлік жуу орындарының жұмысына уақытша шектеу енгізілді.
Айта кетейік, Ақтаулықтар бұған дейін де жолды жапқан болатын.