18:00, 13 Мамыр 2009 | GMT +5
Ақтауда ІV-ші ұлттық дельфийлік ойындар басталды
АҚТАУ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде ІV-ші ұлттық дельфийлік ойындардың ашылу салтанаты өтті.

Байқау 2009-2011 жылдарға арналған жастар саясаты мен патриоттық тәрбие беруді іске асыру жөніндегі өңірлік жастар бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Шараның мақсаты ? дарынды балалардың өзін-өзі жан-жақты көрсетуіне жағдай жасау. Оған облыстың аудан, қалаларынан 300-дей жастар мен жасөспірімдер екі топқа бөлініп қатысуда. Кіші топқа 10-15 жас аралығындағы, үлкен топқа 16 мен 25 жас аралығындағы үміткерлер алынған. Сайыскерлер түрлі музыкалық аспаптарда өнер көрсетіп, сондай-ақ академиялық, дәстүрлі, эстрадалық, авторлық әндерді орындауы, қазіргі заманғы және ұлттық би өнері, бейнелеу, веб-дизайн аталымдары бойынша өз қабілеттерін көрсетуі тиіс.Бірнеше күнге созылатын облыстық дельфийлік ойындардың жеңімпаздары осы жылы Қарағандыда өтетін республикалық ойындарға қатысады. Ал одан жеңіп шықса, халықаралық деңгейде де бағын сынауға мүмкіндік алады.