Ақтауда «Каспий итбалығы: қазіргі жағдайы және келешегі» атты семинар-мәжіліс өтті
АҚТАУ. 5 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасы «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымымен бірге Бас прокуратураның, Атырау облысы прокуратурасының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерінің,
сонымен қатар, Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдарының, мұнай, кеме қатынасы компанияларының қатысуымен «Каспий итбалығы: қазіргі жағдайы және келешегі» атты семинар-мәжіліс өткізді.
Осы семинарды өткізуге себеп болған жағдай - Каспий итбалығы өсіп-өнуі санының күрт азаюы.
2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін итбалықтар саны біршама азайған. 1996 жылы Каспий итбалығы IUCN (International Union for Conservation of Nature) тізіміне осал түр ретінде енгізілген болатын. 2008 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағы Каспий итбалығын Қызыл кітаптң «жойылу қаупі төнген түр» санаты тізіміне енгізді.
Қолданылып жатқан шараларға қарамастан, осы уақытқа дейін итбалықтардың азаю оқиғалары әлі де жалғасуда. Жалпы алғанда, табиғат қорғау ұйымдарының мәліметтері бойынша Солтүстік Каспий аралдарындағы және Қазақстан, Ресей Федерациясы (Дағыстан) және Әзірбайжан жағалауларындағы итбалықтың қырылуы шамамен 25-30 мың дарақты құраған, бұның дәл себептері әлі де белгісіз болып қалып отыр.
Өкінішке орай, жаппай қырылу оқиғалары, сонымен бірге 2006, 2007, 2009, 2010 жылдары орын алды. Бұл, итбалықтардың қырылу оқиғаларын анықтаудан тұратын жұмыстың, зерттеулерді тек итбалықтардың қырылу оқиғалары бойынша жүргізудің жеткіліксіз екенін көрсетеді және анағұрлым батыл шаралар қолдануды қажет етеді.
Осыған орай, Каспий итбалығының жойылу қаупінің аса жоғары дәрежесін ескере отырып, осы семинар ұйымдастырылды, онда Каспий итбалығын сақтау мәселесін шешу жолдары талқыланды.
Семинар-мәжілістің нәтижелері бойынша мынадай ұсыныстар қабылданды: Каспий итбалығын толық ауқымды зерттеуді өткізуге және әрі қарай мониторинг жасау; мұнай өндіруші және кеме қатынасы компанияларының экологиялық заңнама талаптарын сақтауын бақылауды күшейту; кемелердің жағымсыз әсерін азайту мақсатымен олардың жүзу бағдарларына түзету енгізу; Каспий теңізінің қайраңында мұнай өндіру кезінде, сонымен бірге қауіпті жүктерді теңізбен тасымалдау кезінде қоршаған ортаның ластануын азайту және техногенді апаттар қаупін болдырмау мақсатымен компаниялардың заманауи технологияны қолдануын талап ету; Каспий теңізінің алабында браконьерлерге қарсы тұрақты шаралар жүргізу.