Ақтауда Каспий теңізі жағалауында шашылып жатқан ет қалдықтары тұрғындардың ашуын тудырды
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда жағалауға ет қалдықтарын шашып кеткендер іздестіріліп жатыр. Оқиға кеше 21 маусым күні болған. 15 шағынаудан жағалауына демалуға барған тұрғындар суда үйіліп жатқан тауық қанаттарын көрген.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аталған аумаққа жауапты мамандар жіберіліп, жағалау тексерілген. Сонымен қатар санитарлық тазалау жұмыстары ұйымдастырылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл оқиғаға азаматтардың тазалық талаптарын сақтамауы себеп болуы мүмкін. Яғни демалыстан кейін қоқыс, қаптамалар мен тамақ қалдықтарын жағалау аумағында қалдыру жағдайлары болған.
- Қазіргі уақытта аумақты ластаған адамдарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тиісті негіздер болған жағдайда материалдар заңнама аясында шара қолдану үшін құзырлы органдарға жолданады, - делінген хабарламада.
Мамандар тұрғындар мен қала қонақтарын санитарлық және экологиялық талаптарды сақтауға, демалыстан кейін қоқыс пен тағам қалдықтарын қалдырмауға, арнайы контейнерлерді пайдалануға шақырды.
- Каспий жағалауы – Ақтаудың басты көрікті орындарының бірі, тұрғындар мен қала қонақтары жиі демалатын орын. Оның тазалығы тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, қоғамдық орында жүрген әр адамның жауапкершілігіне байланысты, - дейді басқарма өкілдері.
Бұған дейін, Маңғыстауда балабақшада бала пышақ жарақатын алып, директор қызметінен босатылғаны туралы жаздық.