Ақтауда қазақ боксының негізін қалаушы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған IV-ші дәстүрлі халықаралық турнир өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 11 елінен келген былғары қолғап шеберлерінің сайысы 6 күнге созылды.
Турнирге Иран, Сирия, Катар, Қытай, Молдова, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 85 боксшы қатысты.
Республиканың құрама командасы бұл сайыста өз шеберліктерін айқын дәлелдеді.
91 келі салмақ дәрежесінде қырғыз боксшысымен жұдырық түйістірген 2005 жылғы әлем чемпионы ақтаулық Ердос Жаңабергенов қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, бірінші орынды иеленді.
Жалпы, 11 салмақ дәрежесі бойынша ақтық сынға шыққан 22 былғары қолғап шеберінің 16-сы қазақстандық.
Жерлестеріміз Қазақстан қоржынына 9 алтын жүлде салып, командалық есепте бірінші орынға ие болды.
Жеңімпаз атанғандардың қатарында қырғыз елі мен Қытайдың боксшылары да бар.
Еліміздің Бокс федерациясының шешімімен биылдан бастап, Шоқыр Бөлтекұлы атындағы халықаралық турнирге «А» сыныбындағы дәреже берілді.
Бұдан былай турнирдің жеңімпаздары Қазақстан Республикасының «спорт шебері» атағына ие болады.
«Турнирге қатысушылардың дайындық деңгейлері әр түрлі. Дегенмен, әр мемлекет дайындығы жоғары, мықты былғары қолғап шеберлерін алып келуге тырысқан. Біздің жігіттер үшін де аталған сайыс алдағы қаңтар айында өтетін Қазақстан чемпионатына айтарлықтай дайындық болды», деді облыстық бокс федерациясының президенті Владимир Мирошников.