Ақтауда көкөніс сататын заңсыз сауда орындарының көбеюі салдарынан өткір ішек ауруларының таралуы қаупі бар

 АҚТАУ. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова / - Ақтау қалалық мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасы Ақтауда көкөністер сататын заңсыз сауда орындарының көбейіп кетуі салдарынан қалада өткір ішек ауруларының таралу қаупі барын айтты,

Ақтауда көкөніс сататын заңсыз сауда орындарының көбеюі салдарынан өткір ішек ауруларының таралуы қаупі бар

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Эпидемиологтар санитарлық тазалығы мүлдем сақталмаған заңсыз сауда орындарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені, онда сатылатын өнімдер адам денсаулығына зиянды.

Ақтау қалалық мемлекеттік санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманыНесіп  Тілеуованың айтуынша, Ақтау мен Жетібай аралығында 10 заңсыз сауда нүктелері пайда болған. Олардың біреуінің ғана рұқсат қағазы бар. Қалғандарының өнімдеріне зерттеу жүргізілмеген.

«Оның үстіне, сатушылар сауда-саттық кезінде тазалық талаптарын сақтамайды. Көкөністердің, әсіресе қауын-қарбыздардың піскенін дәлелдемек үшін оны сол жерде кесіп, көрсетуге тырысады», дейді мамандар.

Ақтау қаласындағы 43 сауда нүктесінің 25-і жұмыс жасайды. Ол жерлердегі көкөністер жергілікті эпидемиологтардың сынамаларынан өткен. Жаз басында қауын-қарбыздардың құрамында нитрат мөлшері көп болса, соңғы тексеруде оның мөлшері қалпына келген.

«Жұқпалы ауру түрі тіркелген кезде оны жан -жақты  эпидемиологиялық тексеруден өткіземіз. Науқастың  ауруы  көкөніс, жеміс-жидектен болғаны туралы оқиғалар әзір тіркелген жоқ. Алайда, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген артық деп білеміз», дейді Ақтау қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының  бөлім бастығыЖәмила Маханбетқалиева.

Эпидемиологтардың хабарлауынша, Маңғыстау аймағына көкөністер көрші мемлекеттерден әкелінеді.  Жергілікті жердің өз өнімінің пісуіне әлі ерте.