Ақтауда қонақүйлердің бірінен теңізге су ағызу дерегі анықталды
АҚТАУ. KAZINFORM – Экологтар әлеуметтік желілерді бақылау барысында «Caspian Riviera» қонақүйінің жанында теңізге су ағызу туралы ақпаратты анықтаған. Осы оқиға байланысты облыстық экология департаментінің мамандары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бейнежазбада аталған қонақүйдің жанындағы құбырдан тікелей теңізге ағынды су төгіліп жатқаны көрсетілген.
-Бүгін, 17 қарашада Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары төгінді фактісін анықтау үшін оқиға орнына барды. Табылған құбырдан су үлгілері алынды. Зертханалық талдау нәтижелері қоршаған ортаны қорғау бойынша қажетті шараларды қабылдау және ластану деңгейін анықтау үшін қосымша жарияланатын болады, - делінген хабарламада.
Ақтауда 7А шағын ауданда да жағалаудағы дәмханалардың бірінен теңізге лас су ағып жатқанын қала тұрғындары бейнежазбаға түсіріп алған. Ол туралы экологтар әзірге жауап берген жоқ.
Бұған дейін, Каспий теңізінің таяздануынан аумағы 36 мың шаршы шақырымға азайғанын жазған болатынбыз.