Ақтауда Конституция күніне орай биіктігі 50 метрлік Тутұғырда Қазақстан Республикасының Туы көтерілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік ресми рәсімдер өткізу алаңында» көлемі 7,5х15 метрлік Қазақстан Республикасының Туын көтеру рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев қатысты.
Облыс басшысы жиналған халықты бүгінгі мерекемен құттықтады.
Бүгінгі күннің маңыздылығы мен ресми рәсімдердің ұлттық бейнесі және әрбір қазақстандықтың мемлкеттік рәміздерді қастерлей білуі жайында Әбіш Кекілбаев ой толғады.
Облыс әкімі Қ. Көшербаев бастаған ресми топ және қала тұрғындары тікелей эфирде орталықтағы Led-дисплейден Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтау лебізін тыңдады.
Балалар хоры Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады.
Әнұран орындалып, Ту көтерілгеннен кейін сапта тұрған сарбаздар 3 рет «Уралап» ұрандады. Мұнан кейін Ақтау гарнизонының бастығы подполковник Ғ. Шөпшекбаев облыс әкімі Қ.Көшербаевқа әскерлердің Конституция күніне арналған шеруге дайын екенін баяндады.
Ақтау қаласындағы әскери гарнизонның сарбаздары, шекарашылар және ішкі істер департаментінің басқарма қызметкерлерінің қатысуымен әскери шеру өткен соң, салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.