Ақтауда «Маңғыстау аруы-2016» таңдалды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда «Маңғыстау аруы-2016» облыстық байқауының финалы өтті. Онда логист-экспедитор Ләззат Ақышева жеңімпаз атанды, деп жазады Лада.kz.
«Маңғыстау аруы-2016» байқауына 13 қыз қатысты. Олар төрт аталымда басты атақ және республикалық сұлулық байқауында Маңғыстау облысынан қатысу үшін сайысқа түсті. Олар байқауда өз өнерлерін жан-жақты көрсете білді.
Қазылар алқасының шешімімен басты атақ 12-нөмірлі қатысушы - Ләззат Ақышеваға берілді. Ол өзінің оқуға да, жұмысқа да үлгеретінін, фитнеспен де айналысатынын айтты.
Ләззатпен бірге Маңғыстаудан «Қазақстан аруы» байқауына тағы үш қатысушы өнер көрсетеді: олар - жүлделі орындардан көрінген Әсел Нұрғазиева мен Мәдина Абзалова, сондай-ақ Балқия Сазанова конкурс ұйымдастырушыларының атынан таңдалды. Сонымен қатар «Интернет аруы» атағы Әсем Нұрғазиеваға берілді, «Көрермен көзайымы» жүлдесіне Әйгерім Бекбосынова ие болды.