Ақтауда «Мектептегі құқық тәртібі» атты жедел алдын-алу шарасы жүріп жатыр
АҚТАУ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова / - Ақпанның 15-мен 19-ы аралығында Маңғыстау облысында «Мектептегі құқық тәртібі» атты жедел алдын-алу шарасы өтіп жатыр. Оған Ақтау қалалық ішкі істер басқармасының жеке құрамынан 300-ге жуық полицей жұмылдырылған. Екі күннің ішінде ішкі істер органына құқық бұзған 49 жасөспірім жеткізіліп, оның басым бөлігі есепке алынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейдтік шараға полицейлермен бірге педогог мамандар да атсалысуда. Екі күннің ішінде олар түнгі мезгілде спирттік ішімдік пайдаланып қоғамдық орындарда жүрген 11 жасөспірімді ұстаған. Ал, 34 оқушының мектептен қашып жүргендігі анықталды. Ересектердің бақылауынсыз кафе-барда жүрген 3 бала есепке алынды. Сондай-ақ ата-ана міндетін орындамаған 27 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.
Рейд кезінде кәмелеттік жасқа толмағандарісі жөніндегі полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар әр үйдің шатыры мен жертөлесін тексеруде. Себебі, осындай жерлерде ішімдік ішіп, темекі немесе есірткі түрлерін шегіп отырған балаларды кездестіруге болады дейді олар.
"Ата-аналарды балаларына лайықты көңіл бөлуге шақырамыз. Дүниеге сәби әкеліп, оны материалдық жағынан қамтамасыз етумен шаруа бітпейді. Олар отбасы жылуы мен ата-анасына керек екенін сезінуі қажет", дейді Ақтау қалалық ІІБ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы Мереке Құрмашев.
Ата-анасының бақылауынсыз жүріп, қолға түскен жасөспірімдер полицияға есепке тіркелді. Енді олармен кәмелет жасқа толмағандарісі жөніндегі инспекторлар жұмыс жасайды.
Ішкі істер қызметкерлері облыс орталығында жасөспірімдерге спирттік ішімдік сатпау жөніндегі заң талабының орындалмай отырғанын айтады. Себебі, осы жылдың қаңтар айында 27 дүкеншіге айыппұл салынған. «Мектептегі құқық тәртібі» атты жедел алдын-алу шарасы жалғаса бермек. Полицейлер Ақтау қаласындағы барлық мектептің ұжымымен кездесу өткізуді де жоспарлап отыр.