Ақтауда «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының XI конференциясы өтті

ҚТАУ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Бүгін «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының кезекті ХІ конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтауда «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының XI конференциясы өтті

Конференция жұмысына облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев, аудан және қала әкімдері, облыстық құрылымдар басшылары, партияның аумақтық филиалдарының өкілдері қатысты.

Конференцияда партияның облыстық филиалының 2008-2009 жылдардағы жұмыс қорытындылары және алдағы міндеттер талқыланды. Қырымбек Көшербаев Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында партияға жүктелген аса жауапты да елдік маңызы зор міндеттер туралы баяндады.

«Партияның облыстық филиалы ел дамуына серпін беретін «Қазақстан-2030» Стратегиясын жүзеге асыру жолына халықтың барлық топтарын жұмылдыруға айрықша мән беріп отыр. Міндет айқын - Президент Жолдауында көрсетілген, өңірлік іс-қимыл жоспарымызда белгіленген әрбір нысанның, индустриялық-инновациялық, инвестициялық жобалардың іске асуына әрқайсымыздың, әрбір адамның белсенділігі мен күш-жігерін жұмылдыру», - деді Қырымбек Көшербаев.

«Нұротандықтардың» көлемді шаралар ұйымдастыруда тәжірибесі мол. Мәселен, өткен жылы облыста «Нұр Отан» ХДП Партиялық Бақылау Комитетінің 57 бекеті құрылған болатын. Олардың бақылауына алынған құрылыс және жөндеу нысандары бүгінде толықтай дерлік аяқталды.

Партиялықтар алдағы уақытта заңнамалық базаны қалыптастыру үдерісіне белсенді түрде атсалыспақ. Мысалы, қолданыстағы заңдарды жетілдіру бағытында парламенттік фракцияға ұсыныстар түсіру, қоғамдық тыңдаулар өткізу, нақты ұсыныстарды тиісті атқарушы органдарға жеткізу мәселелері жолға қойылмақ. Сонымен қатар, облыстық және аумақтық филиалдар жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыру, облыстың қоғамдық-саяси жұмыстарына мейлінше көбірек тарту арқылы жастар арасындағы қылмысты азайтуға қол жеткізу керек. Партияның бірінші кезектегі міндеттерінің бірі - ауыл-кенттерде, қалалар шағынаудандарында спорт алаңдарын салуға, мәдениет орындарының жұмысын жандандыруға ықпал ету.

Осы және өзге де міндеттер Конференцияның бүгін қабылданған қаулысымен бекітілді. Конференция Қ.Көшербаевты «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағалығына сайлап, Саяси кеңес және Саяси Кеңес бюросының мүшелерін бекітті.