Ақтауда Орталық Азия елдерінің экологиялық ведомство министрлерінің кездесуі өтті
АҚТАУ. KAZINFORM — Елімізде 2026 жылы өтетін өңірлік экологиялық саммитінің тұжырымдамасын бекіту бойынша Орталық Азия елдерінің экологиялық ведомство министрлері кездесті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализода, Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимов, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, БҰҰ ЕЭК Тұрақты энергетика комитетінің директоры Дарио Лигутти, Қазақстандағы БҰҰДБ-ның Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа қатысты. Қырғыз Республикасының Табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрінің орынбасары Асель Раимкулова онлайн форматта қатысты, ал Әзербайжан Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі әрі COP29 президенті Мұхтар Бабаев қатысушыларға бейнежолдау жолдады.

Кездесу аясында қатысушыларға ӨЭС-2026 шеңберіндегі жасыл стартаптар көрмесі ұсынылды. Бұл көрме Орталық Азия елдері экологиялық ведомстволары министрлерінің кездесуіне арналған негізгі іс-шаралардың бірі болды.

— Көрмеде ұсынылған барлық жоба — GCIP Kazakhstan Жасыл акселерация бағдарламасының қатысушылары. Бұл бағдарлама экологиялық инновацияларды ілгерілету және тұрақты кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Аталған стартаптар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерге нақты технологиялық шешімдер ұсынады және Қазақстанда жасыл экономиканы қалыптастыруға ықпал ете алады, — дейді шараны ұйымдастырушылар.

Кездесу барысында тараптар ӨЭС-2026 шеңберіндегі тұжырымдама мен көрме жобасын, сондай-ақ жаңартылған тұжырымдама мен өңірлік бастамаларды талқылады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірлік бастамаларды жүзеге асыру мен тәжірибе алмасу бағытында күш біріктіруді ұсынды. Бұл өз кезегінде бүкіл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар кездесу хаттамасына қол қойды.
Бұған дейін, Маңғыстауда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 850 бос жұмыс орындары ұсынылғаны туралы жазған едік.