Ақтауда «Plus Capital» қаржылық пирамидасына алданғандар саны 600 адамнан асты - прокуратура
АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда «Plus Capital» қаржылық пирамидасына алданған тұрғындар әлі күнге мүлкі мен ақшасына қол жеткізе алмай жүргенін айтып шағымдануда.
Жаңаөзендік Ғалым Таласбаев күтпеген жерден сенімге енген компания өкіліне алданып, қыруар қаржыға алған көлігін сатып, нәтижесінде ақшасыз қалғанын айтады. Бүгінде іздеуде жүрген Артур Темірғалиев есімді Қазақстан азаматы 2019-2020 жылдары Маңғыстау облысында 700-ге жуық адамды алдап, сазға отырғызып кеткен.
«2019 жылы сатылымда тұрған автокөлігімді сұрап телефоныма біреу хабарласты. Бізге қымбаттау бағаға алатынын айтты. Тексеріп, көз жеткізген соң, нотариус арқылы «Plus Capital» 2019 жылдың 29 желтоқсанында «Хонда Одиссей» маркалы 2009 жылы шығарылған автокөлігімді қымбат бағаға алатын болды. Қазір іздеуде жүрген Артур Темірғалиев өзі қарап, 4 млн 700 мыңға бағалады. Сол жерде қолыма 500 мың теңге беріп, қалған 4 млн. 200 мың теңгені 2 айда төлейтінін айтты. Алайда қалған ақшаны алуға 5-6 күн қалғанда «Plus Capital» жабылып, 700-ге жуық адамның ақшасын алып ұшты-күйлі жоқ болып кетті», - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ғалым Таласбаев.
Осыдан кейін ол өзінің көлігін іздеуге көшкенін айтады. Ол Арменияда тіркелген шетелдік көлігін 2019 жылдың 30 желтоқсанында Дулат Божаев есімді азаматқа сатылғанын білген.
«Көліктің жаңа иесі А042112 мемлекеттік белгісі бар нөмір алғанын білдім. Ақтау қаласында ПБ, облыстық прокуратураға арыздандық. Кейін сот алданған адамдардың пайдасына 3 млрд теңге өндірілсін деген үкім шығарғанымен әлі күнге мүлкімізге қол жеткізе алмай келеміз. Ал автокөлігімді иеленіп жүрген Д.Божаев мені әкімшілік сотқа беріп келе жатыр. Ол көлікті 3,5 млн теңгеге сатып алған. Алайда сатып алу кезінде нотариалды сенімхатқа менің атымнан белгісіз біреу қол қойған. Кейін бұл мәселе сотта дәлелденіп, автокөлік өзімнің арызым бойынша 23.06.2023 жылы айыптұрағына қойылған еді. Ал автокөлігімді иеленген Д.Божаев болса әкімшілік сотқа беріп, арестен шешуін талап етіп отыр. Алайда құжат бойынша «Хонда Одиссей» көлігі менің атымда тұр. Тергеуге келгенде автокөлік бұзылып тұр деп көрсетпейді. Алайда ол автокөлікті жүргізіп жүр», - дейді ол.
Көлігінен айырылған Ғалым Таласбаев көлігін Д.Божаевқа сатқан адамды сотқа беру мүмкін болмай отырғанын айтады. Көлікті қазір иеленген адамның өкілі бірде оны қайтыс болған десе, бірде білмеймін деп жауап беретінін айтады. Сондай-ақ, сотқа келіп қатысудан бас тартып келе жатқаны белгілі болып отыр.
Ал Маңғыстау облыстық прокуратурасы «Plus Capital»-ға қатысты іс бойынша бірнеше адамның сотталғанын атады.
«2019 жылы қараша айы мен 2020 жылдың ақпан айының аралығында А.Темірғалиев және басқалары Ақтау қаласында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында «Plus Capital» қаржылық пирамидасын құрып, 641 жәбірленушінің автокөлік, пәтер түріндегі мүліктері мен ақшалай қаражатын ай сайын 30-35 пайыз сыйақы төленетіне сендіріп, нотариалды куәландырылған шарттармен жоғары бағаға қабылдап, кейіннен үшінші тұлғаларға төмен бағаға сатып, өз міндеттерін орындамай жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеге материалдық шығын келтірді. 2023 жылдың 20 қарашасында қылмыстық топты ұйымдастыру А.Темірғалиев Грузия Республикасында (Зугдиди) ұсталып, оны елге экстрадициялау мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін қылмыстық топтың мүшелері Құсайын және жекеше нотариус Кушниренко сот шешімімен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта Ақтау қалалық соты қылмыстық топтың 7 қатысушысына қатысты сот процесін жүргізіп жатыр», - деді Маңғыстау облыстық прокуратурасы.