Ақтауда Президенттің шырша тойы өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оған облыстың қала, аудандарынан 9-дан 13 жасқа дейінгі жетім балалар, ата-аналарының қамқорынсыз қалған, аз қамтылған отбасы балалары және облыстық балалар үйі мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысуда.
Мемлекет басшысының жаңажылдық құттықтау сөзімен ашылған салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Балалармен бірге шырша шамын жағып, бүлдіршіндерге құттықтау лебізін жолдады.
Барлығы 150 баланың қатысуымен өтіп жатқан шырша тойына 11 млн. 200 мың теңгеге шығын сметасы жасалған.
Барлық қатысушы балаларға сырт киімдер, бас киімдер, спорттық киімдер мен аяқ киімдер, тәтті сыйлықтар, жұмсақ ойыншықтар, DVD плеер, сонымен қатар ҚР Еңбек Ері, халық жазушысы Ә.Кекілбаевтың «Сыр десте» көптомдығы,ҚР Президенті Н.Назарбаевтың атынан «Ертегілер әлеміндегі хикаялар» жинағы және құттықтаулар таратылды.
Бір балаға берілген сыйлықтың бағасы орта есеппен 71 мың теңгені құрайды.
«Мен Жаңаөзен қаласындағы облыстық балалар үйінен келдім. Менің жасым 11-де, 6 сыныпта оқимын. Қазақ тілінде жақсы сөйлемін және маған қазақ тілі қатты ұнайды. Осы мерекені ұйымдастырғандарға рахмет айтамын. Мен жаңа жыл мерекесін жақсы көремін және бұл мерекеге алғаш рет келуім», деді Муравьева Лева.