Ақтауда республикалық пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты өтті
АҚТАУ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Республикалық пәндік олимпиаданың ашылу салтанаты Маңғыстау өлкесі туралы бейнефильм көрсетуден басталды. Одан соң еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 600-ден астам оқушының алдында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осыдан 18 жыл бұрын дүниеге келген Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары, яғни сіздер мектеп бітіретін жылы оқушылар арасындағы республикалық білім додасының Маңғыстауда өтуі ? біз үшін ерекше мәні бар, аса маңызды оқиға. Біз Маңғыстауға алғаш рет ат басын тіреген олимпиада қатысушыларының өзара емін-еркін араласып, жақсы достар тауып, уақытты ұтымды, әрі ұмытылмастай етіп өткізулеріне жағдай жасауға тырыстық. Ендігі жерде елді елеңдеткен білім додасының мәресін кесіп өтер шынайы зияткер жүйріктерге бәріміз де тілекші болып, халықаралық деңгейде жұртымыздың намысын қорғайтын ұл-қыздарды қапысыз таңдап алу қалды», - деді облыс әкімі. Бұдан соң облыс басшысы олимпиаданың ашылуына қатысып отырған қонақтарды ортаға шақырды. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов, ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрыновтар оқушыларға ақжолтай сөздерін айтып, киелі өлкеден тамаша естеліктермен қайтуға тілектерін білдірді.